
Кузина Наталья Гавриловна
Кузина Наталья Гавриловна –Р. Бағланова атындағы №2 Балалар музыка мектебінің тәжірибелі ұстазы, концертмейстері. 40 жылдан астам еңбек өтілі бар музыка саласының майталманы. 1985 жылдан бері осы білім ордасында қызмет етіп, бірнеше буын шәкірт тәрбиелеп келеді. Ол тек классикалық музыканы ғана емес, сонымен қатар Скотт Джоплин, Каунт Бэйси, Джелли Ролл Мортон сынды әйгілі джаз композиторларының шығармаларын оқытуға ерекше көңіл бөледі.
Ұстаздық жолында ол Млада Марковна Порунинадан джаз орындау әдістемесін меңгеріп, бұл құнды тәжірибесін шәкірттерімен бөлісуде. Оның түлектері бүгінде үлкен жетістіктерге жеткен, солардың бірі – Құралай Қанапина, қазіргі таңда «Астана Балет» театрының аға концертмейстері. Сондай-ақ, Антон Артемкин, Алим Абдуллин, Гордей Пузанов, Айя Абилова сынды дарынды шәкірттері түрлі байқаулардың лауреаттары атанған.
Наталья Гавриловнаның еңбек жолы 18 жасынан күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Ол Қарағанды, Арқалық, Целиноград қалаларында қызмет етіп, хор концертмейстері, педагог болып еңбек етті. Талант пен табандылықты серік еткен ұстаз әр шәкіртіне музыканың сырын ашып, олардың бойына өнерге деген шынайы сүйіспеншілікті сіңіре біледі. Бүгінде ол – өз ісіне адал, шәкірттеріне шабыт беретін, музыканың ұлы әлеміне жол сілтейтін шебер ұстаз.