Исимбаева Жанат Мағжанқызы

жоғары санатты концертмейстер 
Педагогикалық тәжірибесі – 44 жыл. Оның өнерге деген сүйіспеншілігі бала кезден қалыптасып, П. И. Чайковский атындағы №2 балалар музыка мектебінде білім алуымен басталды. Кейін С. Сейфуллин атындағы Целиноград мемлекеттік педагогикалық институтының музыкалық факультетіне оқуға түсіп, кәсіби шеберлігін шыңдай түсті. 

Өз еңбек жолын А. Майкутов атындағы Целиноград педагогикалық училищесінде фортепиано сыныбының оқытушысы және концертмейстер ретінде бастады. Кейін Арқалық педагогикалық училищесінде «Қарлығаш» вокалдық ансамблінің концертмейстері болып жұмыс істеді. 

1989-2002 жылдары Ақмола педагогикалық институтының музыкалық факультетінде музыкалық әдебиет пәнінен дәріс оқып, концертмейстерлік қызмет атқарды. 2003 жылдан бастап Астана гуманитарлық колледжінде музыка әдебиеті пәнінен сабақ беріп, сол уақытта №2 музыкалық мектебінде қатар 21 жыл бойы еңбек етті. 

2017 жылы зейнетке шыққан соң, өзінің сүйікті мектебінде концертмейстер ретінде қызметін жалғастыруда. 

Концертмейстер – бұл жай ғана пианист емес, бұл өнердің үйлесімін сезінетін, оны өзгеге жеткізе алатын шебер музыкант. Ол оқушыларға әрбір нотаны түсінуге, ансамбльде ойнау дағдыларын қалыптастыруға көмектесіп, олардың шығармашылығын дамытуға жетекшілік етеді. Исимбаева Ж. М. ұзақ жылдар бойы ішекті, үрмелі аспаптар бөлімінде және хор сыныбында еңбек етті. Бүгінгі таңда қазақ халық аспаптары бөлімі бойынша, домбыра және қобыз сыныптарында жұмыс істейді. 

Оның жетекшілігімен тәрбиеленген шәкірттері аудандық, қалалық және республикалық байқауларда жоғары нәтижелер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болуда. Бұл – ұстаздың өз ісіне деген сүйіспеншілігі мен жоғары кәсібилігінің айқын дәлелі.