Р.Бағланова атындағы №2 Балалар музыка мектебінің фортепиано сыныбындағы инклюзивті оқыту моделі
Бұл жоба ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың фортепианоға үйренуіне мүмкіндік беру мақсатында құрылған. Жоба Астана қаласының №10 мектеп-гимназиясы базасында жүзеге асырылады.
Оқу үдерісі әр баланың жеке қабілеттерін ескере отырып ұйымдастырылады. Оқытуда тактильді жаттығулар, Брайль машинасымен жұмыс, менталды арифметика және бейімделген педагогикалық тәсілдер сияқты арнайы әдістемелер қолданылады. Балалар әрдайым жан-жақты қолдау көрсететін тифлопедагогтар, логопед-дефектологтар, психологтар, тьюторлар және музыка мектебінің ұстаздары сынды кәсіби мамандардың қамқорлығында. Жобаның оң нәтижесін оқушылардың жетістіктері айқын дәлелдейді. Түрлі байқаулардың лауреаттары атанған Есімхан Шаймерденов, Аубакиров Батырхан, Мұқажанова Анель, Мұстафин Абылай, Нұрланұлы Абай сияқты оқушылар өз жеңістері арқылы ерекше қажеттіліктері бар балаларға дұрыс көзқарас пен жеке қолдау көрсетілген жағдайда, олардың музыка өнерінде биік белестерді бағындыра алатынын дәлелдеді.
Жобаның басты мақсаты – балаларға фортепиано ойнауды үйрету ғана емес, олардың шығармашылық әлеуетін ашуға, қоғамға бейімделуіне және өзіне деген сенімін арттыруға ықпал ету. Оқушылардың концерттерге, байқауларға және фестивальдарға қатысуы оларды жігерлендіріп, өз күштеріне сенімділікті нығайтып, инклюзивті музыкалық білім берудің жоғары нәтижелерін көрсетеді.



