Абитдинова Надежда Юрьевна

Роза Бағланова атындағы №2 Балалар музыка мектебінің гитара сыныбының педагогі. Оның шығармашылық жолы Кентау қаласының Сейдолла Байтереков атындағы балалар музыка мектебінде басталды. 2012 жылы гитара сыныбы бойынша оқуын аяқтап, Петр Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжіне оқуға түсіп, шығармашылық жолын жалғастырды. Бұл білім ордасында Ким Геннадий Сергеевич пен Стадниченко Григорий Юрьевич сынды көрнекті гитарашылардан білім алды, сондай-ақ халық аспаптар оркестрін басқару негіздерін Кравченко Нина Дмитриевнаның жетекшілігімен меңгерді. 

2021 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін педагог-психолог мамандығы бойынша тәмамдап, педагогикалық шеберлігін жаңа деңгейге көтерді. 

2021 жылдан бастап Роза Бағланова атындағы №2 Балалар музыка мектебінде еңбек етуде. Мектептің шығармашылық өміріне белсене араласатын Надежда Юрьевна – бүгінде гитарашылар ансамблінің жетекшісі. Оның шәкірттері қалалық және республикалық байқауларда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. 

Сонымен қатар, білікті ұстаз қалалық және республикалық педагогикалық байқауларға белсенді қатысып, сабақтарында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолданудың заманауи әдістерін енгізуде.