«Балдәурен» скрипкашылар ансамблі

2021 жылы құрылған «Балдәурен» скрипкашылар ансамблі – шығармашыл жас өнерпаздардың бірігуінен туған ерекше ұжым. Ансамбльдің жетекшісі – Кузнецова Татьяна Михаиловна., ал концертмейстері – Серкебаев Е.С. Бұған дейін бұл қызметте Нұрғалиева Д.К. мен Жұманов Е.К. еңбек еткен. 

Ансамбль құрамына музыка мектебінің орта және жоғары сынып оқушылары кіреді. Өнерге деген құштарлық пен жауапкершілік оларды үлкен сахналарға жетелеп, кәсіби шыңдалуға жол ашады. 

Шығармашылық жолы мен концерттік қызметі 

Алғашқы күндерінен-ақ ансамбль түрлі мектепішілік, қалалық, республикалық және халықаралық деңгейдегі концерттер мен фестивальдерге белсене қатысып келеді. Олардың орындауындағы шығармалар тыңдарманның жүрегіне жол тауып, әрбір концерт – ұмытылмас әсерге толы сәттер сыйлауда: 

Ансамбль «Үздік педагог» мерекелік шарасы, (2022, «Radisson» қонақүйі), Ұлттық Дельфий ойындарының «Шаттық» гала-концерті (Бейбітшілік және келісім сарайы), «Жүрекпен сеземіз» фестивалі (М. Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы), «Tamos Space School» мектебіндегі концерт, балаларға арналған оңалту орталығындағы қайырымдылық кеші, Ұстаздар күніне арналған мерекелік концерт (Роза Бағланова атындағы Орталық концерт залы) сияқты көптеген іс-шараларда көрсетті. 

Сонымен қатар, ансамбль «Жастар» театрында, К. Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-драма театрында, Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында бірнеше жеке есептік концерттер берді.  

2023 жылы ансамбль көрнекті композиторлар Л.А. Жұманова және С.Ж. Еркімбековпен шығармашылық байланыс орнатып, олардың туындыларын орындады. Еркімбеков ансамбльмен бірге сахнада өнер көрсетіп, фортепиано партиясын өзі орындаған болатын. 

Жетістіктері: 

Ансамбль мүшелері жыл сайын кәсіби байқауларға қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. 

  • 2022 жыл – Гран-при, «Әлем жұлдыздары» халықаралық өнер байқауы; 
  • 2023 жыл – Гран-при, «Морозко» IV қалалық ішекті ансамбльдер байқауы; 
  • 2023 жыл – I орын, «Жан DoStar» республикалық фестивалі («Бір аспанның астында»); 
  • 2024 жыл – Гран-при, «Жас музыкант» аймақтық байқауы; 
  • 2024 жыл – II орын, «Жас музыкант» республикалық байқауы; 
  • 2024 жыл – Гран-при, «Jarqyra Juldyz» халықаралық фестивалі; 
  • 2024 жыл – I орын, «Бір аспанның астында» VI балалар шығармашылығы фестивалі. 

Ансамбль қатысушылары тек топтық орындаулармен шектелмей, шағын ансамбльдер және жеке орындаушылар ретінде де түрлі байқауларға қатысып, өнердегі шеберліктерін шыңдап келеді.